Автоматтандыру дәптерге қарсы: бағдарламалық жасақтама Орталық Азиядағы бөлшек сауда бизнесін қалай өзгертеді

Қазақстанда шамамен 40 мың шағын азық-түлік дүкені бар. Олардың 17 мыңнан сәл астамы автоматтандырылған. Бұл көп пе, аз ба? Ал Орталық Азиядағы көрші елдермен салыстырсақ ше?

Бағдарламалық жасақтаманың орташа чекке әсері, цифрландырудың артықшылықтары және кәсіпкерлердің әртүрлі буындары арасындағы айырмашылық туралы Digital Business басылымына UMAG компаниясының коммерциялық директоры әрі тең құрылтайшысы Алмат Мендуалиев айтып берді.

«Бизнесті түйсікке сүйеніп жүргізу — әрдайым ақтала бермейтін тәуекел»

Цифрландыру үрдісі «үй жанындағы» азық-түлік дүкендеріне де жетті. Бұл — көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында ашылатын дүкендер. Жалпы қабылданған жіктеу бойынша олар «В» санатындағы сауда нүктелеріне жатады. Ал өзіне-өзі қызмет көрсету қарастырылған шағын маркеттер «В+» санатына кіреді.

UMAG деректері бойынша, Қазақстанда осындай 40 мыңға жуық дүкен бар. Олардың 43%-ында (17 200 сауда нүктесінде) калькуляторлар мен дәптерлерді автоматтандыру жүйелері алмастырған.

«Автоматтандырылған «үй жанындағы дүкендердің» жалпы санының 50%-дан астамы — UMAG клиенттері. Нарық қарқынды дамып келеді, жыл сайын дүкендердің шамамен 20%-ы жаңарып отырады: біреулері жабылып, олардың орнына жаңалары ашылады. Бұл нарықты үнемі қозғалыста ұстайды. Жас кәсіпкерлер келіп жатыр, олар бизнесті бастаған сәттен-ақ цифрландыруға басымдық береді, инновацияларды енгізеді және бизнесті жүйелі түрде ұйымдастырады», — дейді Алмат Мендуалиев.

Кейбір қалаларда «үй жанындағы дүкендердің» жартысынан көбі автоматтандырылған. Ал шағын қалалардағы жағдай басқаша: мұндай форматтағы сауда нүктелері онша көп емес, сондықтан тұрғындардың басым бөлігі үшін супермаркетке жету мақсатында бірнеше квартал жаяу жүру қиындық тудырмайды.

Сарапшының мәліметінше, автоматтандырылған «үй жанындағы дүкендер» үлесі бойынша Қазақстан қалаларының ТОП-5 тізімі мынадай:

  • Алматы — 69%;
  • Астана — 67%;
  • Шымкент — 60%;
  • Атырау — 58%;
  • Павлодар — 57%.

«Сонымен қатар Қазақстанның оңтүстігі ең жоғары өсу қарқынын көрсетіп отыр: мұнда бәсекелестік жоғары, ал кәсіпкерлер жаңа үрдістерге сезімтал. Егер сенің дүкенің әлі де «қағазбен» жұмыс істесе, ал көршіңде бағдарлама орнатылған болса, сен заманнан қалып қойдың деген түсінік қалыптасқан. Бәсекелестік деңгейі айтарлықтай жоғары, сондықтан бизнесті бұрынғыдай тек түйсікке сүйеніп жүргізу — әрдайым ақтала бермейтін тәуекел», — деп түсіндіреді сарапшы.

«Кассирімнің клиентке соншалықты көңіл бөлетінін білмеппін»

Ескі тәсілмен жұмыс істейтін кәсіпкерлер кездесетін негізгі мәселелердің бірі — толық бақылаудың болмауы.

«Өз тәжірибемнен айтайын: дүкен иесі кассада өзі тұрған кезде бәрі жақсы болады. Бірақ қызметкерлерді жұмысқа ала бастаған сәттен бастап сатылымдарды және жалпы дүкендегі жағдайды бақылау қиындай түседі», — дейді сарапшы.

Екінші қиындық — автоматтандырылмаған дүкендердің өткізу қабілетінің төмендігі. Мұндай сауда нүктелерінде сатушы барлық тауар ассортименті мен бағаларын білмеуі мүмкін, ал сатып алушы алған тауарлардың жалпы құны калькулятормен есептеледі. Нәтижесінде қызмет көрсету жылдамдығы төмендейді, кезек пайда болады, ал кейбір сатып алушылар ештеңе сатып алмай кетіп қалады.

Осыдан үшінші мәселе туындайды — қызметкер қателесуі мүмкін. Немесе ең нашар жағдайда сатып алушыдан артық ақша алуы ықтимал. Соның салдарынан дүкен иесі материалдық жағынан да, бедел тұрғысынан да шығынға ұшырайды. Бағдарламалық жасақтама бұл мәселелерді тиімді шешеді.

«Бір клиентіміз болды, оның кассирі бағдарламаға үнемі шағымданатын. Шын мәнінде мәселе бағдарламада емес еді, бағдарлама кассирге сатылымдарды «кассадан тыс» жүргізуге кедергі келтірген. Мен мынадай шешім ұсындым: енді сатылымдар туралы деректер бар болғандықтан, кассирдің KPI көрсеткішін орташа чекке байланыстырып, еңбекақысын тұрақты мөлшерде емес, осы көрсеткіштердің негізінде төлеуге болады. 3 күннен кейін дүкен иесі қайта қоңырау шалды: «Алмат, рақмет, кассирімнің клиентке соншалықты көңіл бөлетінін білмеппін». Сатып алушы шай алуға келеді, ал кассир оған печенье де ұсынады. Орташа чек өсті, нәтижесінде дүкен де, қызметкер де, сатып алушылар да ұтты», — деп бөлісті Алмат Мендуалиев.

Қызмет көрсету жылдамдығы, ассортименттің тұрақтылығы және қызметкерлердің сыпайылығы клиенттің таңдауына айтарлықтай әсер етеді. Тіпті тауар бағасын экраннан көру мүмкіндігінің өзі сатып алушылардың дүкенге деген сенімін арттырады. Демек, мұндай дүкен бәсекелестерінің арасынан ерекшеленеді.

Сонымен қатар автоматтандыру бизнесті кеңейтуге көмектеседі. Толыққанды қаржылық есептіліктің болуы кәсіпкерге өз бизнесін объективті бағалауға және қажет болған жағдайда екінші немесе үшінші сауда нүктесін ашуға ресурстар табуға мүмкіндік береді.

«Орталық Азия нарықтары Қазақстанның 5–7 жыл бұрынғы жағдайын еске салады»

Бүгінде Қазақстан автоматтандыру деңгейі бойынша бұл жолға енді ғана түскен көрші елдерден озып тұр. UMAG деректері бойынша, Өзбекстандағы «В» және «В+» санатындағы 44 мың дүкеннің шамамен 10–15%-ы арнайы бағдарламалық жасақтаманы пайдаланады. Тәжікстандағы 5 мың сауда нүктесінің 10%-дан азы автоматтандырылған. Ал Қырғызстандағы 9,5 мың дүкеннің шамамен 15–20%-ы автоматтандырылған.

«Орталық Азия нарықтары қазір Қазақстанның 5–7 жыл бұрынғы жағдайын еске салады — сұраныс енді ғана қалыптасып келеді. Жергілікті шешімдер де, шетелдік бағдарламалар да бар, бірақ олардың таралу деңгейіне қарап, автоматтандыру және сауатты есеп жүргізу мәдениеті әлі де қалыптасу кезеңінде екенін байқауға болады. Кәсіпкерлерге цифрландырудың нақты құндылығын түсіндіретіндер аз, сондықтан сұраныс бастапқы сатыда тұр. Алайда алдағы жылдары нарық әсіресе қарқынды өседі деп күтеміз. Автоматтандыру мәдениетінің қалыптасуына нарық қатысушылары тікелей әсер етеді, ал Қазақстанның тәжірибесі үлгі бола алады», — дейді Мендуалиев.

Umag автоматтандыруды тек технология ретінде ғана емес, бөлшек саудада жаңа бизнес мәдениетін қалыптастыру тәсілі ретінде де қарастырады. Компания қызметкерлері цифрлық құралдардың бизнесті басқаруды қалай жеңілдететінін, оны қалай ашық әрі тиімді ететінін түсіндіреді. Бағдарламалық жасақтаманы енгізу арқылы дүкен иелері заманауи басқару тәжірибелерін меңгеріп, қаржылық сауаттылығын арттырады. Сарапшының айтуынша, бұл үдеріс әртүрлі жүруі мүмкін: клиенттің автоматтандыруға «пісіп-жетілу» мерзімі бір аптадан бір жарым жылға дейін созылады. Бірақ түптеп келгенде кәсіпкерлер автоматтандыру қажеттігін түсінеді.

Нарықтың дамуына әсер еткен маңызды факторлардың бірі — шешімдердің қолжетімділігі. UMAG компаниясында компанияның өзі және оның франчайзи серіктестері тарапынан тұрақты қолдау көрсетілетін жазылым моделі енгізілген. Бұл жүйені жылдам кеңейтуге және жергілікті мамандар қауымдастығын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осындай тәсіл UMAG компаниясына Қазақстан нарығының бір бөлігін иеленуге көмектесті және қазір Өзбекстанда, Қырғызстанда және Тәжікстанда қолданылып келеді.

Азық-түлік дүкені
Шағын бизнес
Сату аналитикасы